Білім гранттарын тағайындау республикалық конкурсы

    Білім гранттары талапкерлер өтініш білдірген нақты мамандықтар, тіл бөлімдері және оқу нысандары бойынша мамандықтар кезектілігіне сай білім грантын беру туралы куәлікті берумен қоса бірыңғай ұлттық немесе кешенді тестілеудің нәтижелері бойынша сертификаттар баллдарына сәйкес конкурстық негізде беріледі.

    Білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін өтініштер 23 – 31 шілде кезеңінде қабылданады.

    Конкурсқа қатысу үшін кемінде 50, ал «Жалпы медицина» мамандығы бойынша кемінде 55 балл жинау қажет, оның ішінде бейіндік пән бойынша кемінде 7 балл (әрбір шығармашылық емтихан бойынша кемінде 10), ал қалған пәндерден - кемінде 4 балл.

    Шектік өту балын немесе бейіндік пәннен (7 балл) немесе қалған пәндерден (4 балл) ең төменгі балды жинай алмаған талапкерлер ЖОО-ларға мемлекеттік тапсырыс бойынша да, ақылы негіз бойынша да қабылдана алмайды.

    Білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін талапкер жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына белгіленген үлгідегі бланкіде өтiнiш, білімі туралы құжат (түпнұсқа), ұлттық бірыңғай немесе кешенді тестілеудің сертификатын, 3х4 көлемiндегi екi фотосурет, 086-У нысаны бойынша медициналық анықтаманы, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесiн тапсырады.

    Білім грантын тағайындау конкурсына қатысуға өтініш беру кезінде таңдау бойынша пәні сәйкес келген жағдайда төрт мамандық (шығармашылық мамандықтардан басқасы) пен төрт ЖОО-ны көрсетуге мүмкіндік беріледі.

    Шығармашылық мамандықтарды таңдаған талапкерлер білім беру грантын алу конкурсына бір мамандық бойынша қатысады және тек шығармашылық емтихан тапсырған жоғары оқу орнын ғана көрсетеді.

    Білім беру гранттарын алуға конкурс өткізу кезінде:

    1) «Алтын белгі» белгімен марапатталған адамдардың;

    2) білім беру саласындағы уәкілетті орган тізбесін айқындайтын жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған), орындаушылардың республикалық және халықаралық конкурстары мен спорттық жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңімпаздарының, сондай-ақ өздері таңдаған мамандықтары олимпиадалардың, конкурстың немесе спорттық жарыстың пәніне сәйкес келген жағдайда, ағымдағы жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) жеңімпаздарының басым құқығы бар.

    Білім беру гранттарын алуға арналған конкурсты өткізу кезінде балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, медициналық-әлеуметтік сараптаманың қорытындысына сәйкес тиісті білім беру ұйымдарында оқуға болатын жағдайда І және ІІ топтағы мүгедектердің, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектеріне теңестірілген адамдардың, бала кезінен мүгедектердің, мүгедек балалардың және үздік білімі туралы құжаттары (аттестаттары, куәліктері, дипломдары) бар адамдардың басым құқығы бар.

    Балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда және басым құқығы болмаған кезде білім беру гранттары аттестаттың, куәліктің немесе дипломның жоғары орта балдары бар тұлғаларға беріледі.

    Білім гранты иегерлерінің тiзiмдерi бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

    Құжаттар

    Сілтемелер