Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі - ҚАЗТЕСТ

    ҚАЗТЕСТ ЖҮЙЕСІ – Қазақстан Республикасының азаматтары мен Қазақстан аумағында қызметін жүзеге асыратын шетел азаматтарының мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалаудың отандық жүйесі.

    ҚАЗТЕСТ жүйесі 2006 жылы құрыла бастады және TOEFL, IELTS, DALF/DELF, СЕLI, DSH, TÖMER, ТРКИ сияқты басқа да тіл білімін бағалаудың халықаралық жүйелеріне негізделген. Жүйенің мақсаты тестіленушінің коммуникативтік компетенцияларын бағалауға бағытталған.

    ҚАЗТЕСТ жүйесінің құрылымы:

    Тыңдалым – Шағын және ұзақ диалог, қысқа монологтарда және есту арқылы түсінгенін анықтауға арналған тапсырмалар;

    Лексика-грамматика – Грамматиканы, лексиканы пайдалана білетіндігін анықтауға арналған тапсырмалар;

    Оқылым – Алуан мазмұнды, түрлі стильді мәтіндер мен соларды оқу барысында түсінгенін тексеруге арналған тапсырмалар;

    Жазылым – Тіл меңгеру деңгейлеріне байланысты шығармашылық диктант, мазмұндама және ұсынылған тақырыптар бойынша эссе жазу.

    ҚАЗТЕСТ төрт бөліктен тұрады: тыңдалым, лексика-грамматикалық бөлік, оқылым, жазылым.

    Бірінші бөлік – тыңдалым. Оқылған мәтінді түсіну деңгейі төрт деңгей бойынша бағаланады:

    1) фрагментарлық түсіну;

    2) жалпы түсіну;

    3) толық түсіну;

    4) терең сыни түсіну.

    Екінші бөлік – лексика-грамматикалық. Тілді түсіну, түсініп айту, қарым-қатынаста қолдана алу, жазуда пайдалана алу, лексика-грамматикалық материалды меңгеру деңгейі функционалдық және коммуникативтік тұрғыда бағаланады.

    Бұл бағыттағы тест тапсырмалары белгілі бір коммуникативтік міндеттерді шешуі үшін қажетті тілдің құрылымы туралы түсінігі мен біліктілігінің деңгейін бағалауды көздейді.

    Үшінші бөлік – оқылым. Оқылымның мақсаты – мәтіндегі негізгі және қосымша ақпаратты әр түрлі деңгейде қабылдауы және түсіне білуі, тілдің айтылым заңдылықтарына сәйкес оқи алуы. Оқылым бойынша біліктілік деңгейін анықтау және бағалау мынадай төрт нысандар бойынша тапсырманы орындау нәтижесімен айқындалады:

    1) танысып оқу;

    2) зерттеу элементтерімен оқу;

    3) жүгіртіп оқу;

    4) зерттеп оқу.

    Төртінші бөлік – жазылым. Жазба жұмыстары мынадай көрсеткіштер бойынша бағаланады және тексеріледі:

    1) жазба жұмыстарының грамматикалық сауаттылығы;

    2) жазба жұмысының мазмұны;

    3) жазба жұмысындағы тілдік құралдарды пайдалану сапасы;

    4) жазбаша тапсырманы орындау кезінде өз бетінше тілді қолдана алу дәрежесі.

    Жүйе деңгейлері

    ҚАЗТЕСТ жүйесінде тілдік білімді бағалаудың деңгейлік жүйесі – қарапайым, базалық, орта, ортадан жоғары, жоғары, жетік деңгейлері негізге алынды. Деңгейлік шкала бойынша белгілі бір көрсеткішке жеткен және өз көрсеткішін көтергісі келетін тестіленушілерде даярлық курсында оқуға және ниеттенген деңгейге жетуіне мүмкіндігі бар, өйткені ҚАЗТЕСТ сатылы бірізділікке бағынады.

    ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеуден өту үдерісі

    ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеуден өту 2 кезеңнен тұрады:

    1 кезең – қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау (жалпы меңгеру)

    Тестіленушіге балдық шкала бойынша қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтауға арналған тест тапсырмалары ұсынылады (мысалы, тестіленуші 150 тапсырмадан 100 бал алса, қазақ тілін меңгерудің орта деңгейі анықталады).

    Деңгейлер Жеткілікті бал

    Қарапайым 31-64 бал

    Базалық 65-104 бал

    Орта 105-119 бал

    Ортадан жоғары 120-134 бал

    Жоғары 135-145 бал

    Жетік 146-150 бал

    2 кезең – қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау. Тестіленушіге анықталған (орта) деңгейдің тест тапсырмалары ұсынылады.

    Жалпы меңгеруде де, деңгей бойынша да тестілеу үш бөліктен тұрады: тыңдалым, лексика-грамматика, оқылым. Жалпы тестті орындау үшін 2 сағат 30 минут бөлінеді, оның ішінде 10 минут жауап парағын толтыруға.

    Әр бөлікті орындауға бөлінетін уақыт:

    • Тыңдалым – 30 тест тапсырмасы, 25 минут;

    • Лексика-грамматикалық бөлік – 70 тест тапсырмасы, 60 минут;

    • Оқылым– 50 тест тапсырмасы, 65 минут.

    Тест түрі: 4 ұсынылған жауаптан бір дұрыс жауабын таңдау.

    «Жазылым» бөлігін бағалау

    «Жазылым» бөлігі деңгейіне қарай және Тест спецификациясы мен ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша жазба жұмыстарын тексеру ережелеріне сәйкес бағаланады.

    Қарапайым деңгей

    Шығармашылық диктант жазу

    Базалық деңгей

    Орта деңгей

    Мазмұндама жазу

    Ортадан жоғары деңгей

    Жоғары деңгей Эссе жазу

    Жүйені жетілдіру мәселелері

    1) ҚАЗТЕСТ жүйесін халықаралық сертификаттау;

    2) сапалы тест тапсырмаларының қорын кеңейту;

    3) компьютерлік тестілеу үшін бағдарламалық қамтамасыздандыруды жасау;

    4) тестілеудің дистанциондық бағдарламасын әзірлеу;

    5) Салалық мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу және жетілдіру іс шараларын орындау.

    Байқау сынағы

    Ұлттық тестілеу орталығының Мемлекеттік тілді дамыту басқармасында қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалауды қалайтындар үшін байқау сынағы қарастырылған. Қызмет көрсетудің құны 1800 теңгені құрайды.

    Байқау сынағының өткізілу уақыты - 150 минут, сенбі, жексенбі күндерінен басқа күндері өткізіледі.

    Байланыс үшін:

    www.kazakhtest.kz

    info@kazakhtest.kz

    тел. 8(7172) 51 83 10, 51 83 06

    Сілтемелер